🔹 1-топ: Халықтың көші-қоны: ұғымы, түрлері және көрсеткіштері
1. Халықтың көші-қоны дегеніміз не және ол қандай негізгі бағыттарға бөлінеді?
Халықтың көші-қоны — адамдардың бір ауданнан екінші ауданға тұру үшін қоныс аударуы. Бағыты бойынша ол ішкі және сыртқы деп бөлінеді. Елдің аумағындағы көші-қон ішкі (облысішілік немесе облысаралық алыс көші-қон) деп аталады. Бір елден бір елге көшу сыртқы көші-қон деп аталады, оған иммиграция (елге келу) және эмиграция (елден кету) жатады.
2. Көші-қон сальдосы дегеніміз не және ол халық санына қалай әсер етеді?
Көші-қон сальдосы — көшіп келгендер мен көшіп кеткендердің арақатынасы, ол халықтың механикалық өсімін анықтайды. Көші-қон сальдосы оң және теріс болып бөлінеді. Оң белгілі сальдо халықтың келуін (халық санының өсуін) көрсетеді, ал теріс белгілі сальдо халықтың кетуін (халық санының азаюын) білдіреді.
3. Адамдардың қоныс аударуына қандай негізгі себептер әсер етеді?
Көші-қонның себептері әртүрлі. Ең көп таралғаны — экономикалық-әлеуметтік себептер (өмір сүру деңгейі жоғары жерлерді іздеу, оқу, отбасыға қосылу). Сондай-ақ соғыс пен шегара өзгерісіне байланысты саяси себептер және лас аудандар мен апат аймақтарынан көшуді қамтитын экологиялық себептер болады.
4. Уақытша көші-қон дегеніміз не және ол еріктілігі бойынша қалай жіктеледі?
Көші-қон мерзіміне қарай тұрақты (мәңгілік) және уақытша (мысалы, ауыл шаруашылығына маусымдық жұмысқа көшу) болуы мүмкін. Уақытша көші-қонды көбіне еңбек мигранттары жүзеге асырады. Ал еріктілігі мен мәжбүрлілігіне қарай көші-қон түрлері ерікті және еріксіз болып екіге бөлінеді.
🔹 2-топ: Әлемдік және Қазақстандағы көші-қонның географиясы
1. Әлемдегі жаппай көші-қон қашан басталды және оның негізгі орталықтары қандай?
Жаппай халықаралық көші-қон XIX ғасырда капитализм дамыған Еуропада басталды. Одан кейінгі кезеңдерде географиясы өзгеріп, қазіргі басты иммиграциялық орталықтарға Еуропа (76 млн адам), АҚШ (46 млн адам) және Парсы шығанағының мұнай өндіруші монархиялары (Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт, Катар — 23 млн адам) айналды.
2. Қазақстан тарихындағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сыртқы көші-қонның сипаты қандай болды?
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы онжылдықта Қазақстанда үлкен теріс сальдомен сыртқы көші-қон басым болды. Кеткен халық саны табиғи өсімнен артық болғандықтан, ел халқының саны өспей, азайып отырды. Екінші онжылдықта жағдай өзгеріп, сыртқы көші-қонда оң сальдо пайда болды және ішкі көші-қон жетекші рөлге көшті.
3. Қазақстанға сыртқы көші-қонмен келетін үш негізгі ағымды атаңыз.
Сыртқы көші-қонның 3 ағымы бар: 1) Бірінші ағын — шетелдегі қандастардың елге оралуы (репатриация), олардың 90%-дан астамы Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан мен Қытайдан келеді; 2) Екінші ағын — орыстар мен немістердің Ресей мен Германияға көшуі (эмиграция); 3) Үшінші ағын — негізінен Ресей мен Қытайдан келетін еңбек мигранттары.
4. Қазақстандағы ішкі көші-қонның масштабы және оның басты бағыттары қандай?
Ішкі көші-қонның масштабы сыртқы көші-қоннан үш есе артық, тәуелсіздік жылдарында халықтың жартысы (1/2 бөлігі) мекенжайын ауыстырған. Ішкі көші-қонның басты бағыты — ауылдан қалаға және кіші қалалардан үлкен қалаға көшу. Алыс көші-қонда қоныс аударушылардың 3/5 бөлігін Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысы қабылдайды.