🌍 Топтық тапсырмалар: Негізгі геосаяси обьектілер мен субьектілер

🔹 1-топ: Геосаясаттың нысандары мен субъектілері

1. Геосаясаттың негізгі объектісі (нысаны) не болып табылады?
Ғаламшар кеңістігі, мұнда барлық геосаяси күштер орналасып, үдерістер мен құбылыстар жүзеге асады.
2. Геосаясаттың басты әрекет етуші тұлғалары кімдер?
Саяси белсенділікке ие субъектілер.
3. Геосаясат субъектілеріне қандай құрылымдар жатады?
Мемлекет, мемлекеттер одағы, халық, ұлт және әлеуметтік топ.
4. Субъектілер қандай мақсатта әрекет етеді?
Геосаяси кеңістікті бақылау, үстемдік ету және өзіндік мүдделерін жүзеге асыру мақсатында.
5. Геосаясат мемлекетті бірінші тұрғыдан қалай зерттейді?
Мемлекеттің кеңістікте алып жатқан аумағын зерттейді.
6. Мемлекет аумағы оның қандай сипаттарын анықтап, ықпал етеді?
Экономикалық қуатын анықтап береді және халық санына ықпал етеді.
7. Үлкен аумаққа ие болып отырған мемлекеттердің негізгі ерекшелігі қандай?
Әдетте, көптеген мемлекеттермен шектеседі немесе жан-жақты сыртқы байланыстар орнатады.

🔹 2-топ: Геосаяси ықпалдың саяси және идеологиялық құралдары

1. Геосаяси ықпал жасаудың негізгі түрлері (құралдары) қандай?
Саяси, идеологиялық, экономикалық, әскери, ақпараттық және мәдени құралдар.
2. Саяси құралдар өз ішіне қандай әрекеттерді қамтиды?
Күш қолдану, саяси ұйымдар арқылы қысым көрсету, бейбіт ықпал ету және саяси келіссөздерді қамтиды.
3. Лаңкестік әрекеттердің қазіргі басты қаупі неде?
Ол халықаралық деңгейге жетіп, қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін объектілерге және адам өміріне жаппай қастандық жасауға айналуда.
4. Халықаралық лаңкестік ұйымдар ненің арқасында қуатты мемлекеттердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіре алады?
Қазіргі технологиялық даму жағдайында және арнайы қаржыландыру көздерінің болуының арқасында.
5. Геосаясаттағы «жұмсақ күш» (soft power) ұғымының мәні неде?
Әскери күш қолданбай-ақ, қарсылас мемлекеттің геосаяси жағдайы мен беделіне нұқсан келтіру.
6. Идеологиялық құралдар арқылы мемлекеттің біртұтастығына қалай қауіп төндіруге болады?
Саяси, діни және басқа көзқарастарды негізге алып, белгілі бір аумақтағы халықтың арасына іріткі салу арқылы.
7. Әлем тарихында көптеген елдердің ыдырауына қандай құралдар ықпал еткен?
Идеологиялық құралдар.

🔹 3-топ: Экономикалық, ақпараттық және мәдени шаралар

1. Басқа елдің экономикасын тәуелділікте ұстау үшін қандай экономикалық шаралар қолданылады?
Экономикалық санкциялар орнату, «сауда соғыстарын» ұйымдастыру және арзан бағалы тауарлар енгізу.
2. Әлемдік нарыққа ықпал жасау үшін шикізатқа қатысты қандай әрекет жасалады?
Белгілі бір шикізат түрін өндіруді қысқарту немесе ұлғайту шаралары жасалады.
3. Ақпараттық қақтығыстардың (соғыстардың) қазіргі замандағы зардабы қандай?
Жекелеген компаниялар ғана емес, бұл құбылыстан бүкіл бір мемлекет зардап шегуде.
4. Мемлекеттер мен ұйымдарға қарсы жасалатын кибершабуылдардың мақсаты не?
Олардың аса маңызды құпия ақпараттық жүйелеріне қол жеткізу.
5. Ақпараттық соғыста бәсекелес мемлекет туралы жалған ақпарат таратудың мақсаты қандай?
Әлем қауымдастығы мен тұрғындарда шындыққа жанаспайтын теріс көзқарас қалыптастыру және жанжалдарды тек әскери жолмен шешу керек деген пікірді енгізу.
6. Қуатты елдердің кез келген әскери акциялары неден кейін басталады?
Аса ірі ақпараттық дайындықтан соң басталады.
7. Мәдениеттің (кино, әдебиет, музыка) ғаламдық саясатқа тигізетін ықпалының мысалы қандай?
Батыстық кино, әдебиет пен музыканың бүкіл әлемге таратылуы, сондай-ақ халық санасына жат ағымдар мен дәстүрлі емес өмір салтын тарату арқылы басымдылыққа жету.