🌍 Топтық тапсырмалар: География ғылымы нені зерттейді?

🔹 1-топ: Топырақ ресурстары және оның экологиялық жағдайы

1. Топырақ ресурстары дегеніміз не және оның басты қасиеті қандай?
Топырақ ресурстары – бұл құнарлы, ауылшаруашылығына жарамды топырақтар жиынтығы. Топырақ ресурстарының басты қасиеті – олардың табиғи құнарлылығы. Ауылшаруашылықта жердің өнімділігі осыған байланысты болады. Топырақ ресурстарына егістіктер, жайылымдар, көпжылдық өсімдіктер алқабы, шабындықтар жатады.
2. Қазақстанның дүниежүзі бойынша жермен қамтамасыз етілу деңгейі қандай?
Қазақстан жер аумағы бойынша дүниежүзіндегі ірі елдер ондығы құрамына кіреді. Ал жан басына шаққанда жермен қамтамасыз етілу деңгейі жағынан дүниежүзі бойынша Аустралия мен Канададан кейінгі үшінші орынды иеленеді. Еліміздің бір тұрғынының жермен қамтамасыз етілуі адам басына шаққанда 17,03 гектарды, оның ішінде шабындық жерлермен қамтамасыз етілу бойынша жан басына шаққанда 1,51 гектарды құрайды.
3. Топырақ ресурстарының адамзат қоғамы мен табиғаттағы маңызы (экологиялық қызметі) неде?
Топырақ ресурстары – адамзат қоғамының өмір сүру және ауылшаруашылықты дамытудың міндетті шарты. Топырақ ресурстары маңызды экологиялық қызмет атқарады. Топырақ – ластағыштардан қорғайтын сүзгі, биологиялық алуантүрлілікті сақтау ортасы. Су айналымында маңызды рөл атқарады.
4. Топырақтың тозуына қандай факторлар әсер етеді және антропогенді ықпалдың негізгі түрлері қандай?
Топырақтың тозуына эрозия секілді табиғи түрткіжайттармен қатар, адамның шаруашылық қызметі де басты себеп болады. Топыраққа антропогенді ықпал етудің негізгі түрлері: топырақты ұзақ уақыт пайдалану, тыңайтқыштарды ретсіз пайдалану және өнеркәсіп қалдықтарымен ластау.
5. Зерттеушілердің есебі бойынша XXI ғасырдың басында топырақ ресурстары қалай өзгерді?
Зерттеушілердің есебі бойынша, XXI ғасырдың басына қарай топырақ ресурстарының 2 млрд гектарға жуығы тозып, құнарсызданып, өз құрамы мен құрылымын өзгертті. Осының барлығы эрозия, топырақтың тозуы, ластануы, жердің шөлейттенуі секілді экологиялық проблемаларға әкеп соқтырады.

🔹 2-топ: Топырақ эрозиясы, сортаңдану және ластану мәселелері

1. Топырақ эрозиясы дегеніміз не және оның қандай түрлері бар?
Топырақ эрозиясы – бұл топырақтың ең құнарлы жоғарғы қабатының бүлініп, тозу үдерісі. Топырақ табиғи және антропогендік эрозияға ұшарайды. Топырақтың табиғи эрозиясының екі түрі болады: желден және судан болатын эрозия. Қазақстанда жердің 70 млн гектардан астамы немесе республика аумағының 26%-ы эрозияға бейім.
2. Жел және су эрозиясының пайда болу ерекшеліктері мен салдары қандай?
Топырақтың жел эрозиясы – бұл топырақтың ұсақ бөлшектерін желдің үрлеп, ұшырып әкетіуі. Топырақтың су эрозиясы деп топырақтың беткі қабатын ағын судың шайып кетуін айтамыз. Антропогендік эрозия салдарынан бір жыл ішінде табиғаттың құнарлы беткі қабатының 2–3 сантиметрі бұзылады, ал жердің 1 мм қара топырақ қабатының түзілуіне 100 жылдан астам уақыт кетеді.
3. Жердің сортаңдануы қалай пайда болады және оның Қазақстандағы үлесі қандай?
Жердің сортаңдануы суарудың салдарынан болады. Мөлшерден тыс суарған кезде, ылғал минералды топырақ суымен қосылады да, топырақтың беткі қабатында тұздың мөлшері артады. Қазақстанда сортаң жерлер үлесі барлық суармалы шабындық алаңдардың 31,3%-ын құрайды.
4. Топырақтың ластануына не себеп болады және химиялық/радиоактивті ластанудың көлемі қанша?
Топырақтың беткі қабаттары техногенез өнімдері, пестицидтер, минералды тыңайтқыштар, өндіріс қалдықтарымен және радиоактивті заттармен оңай ластанады. Қазақстан аумағында 10 млн га жер радиоактивті және химиялық заттармен ластанған. Радиоактивті ластанулар Семей полигоны ауданында, Каспий теңізі жағалауында орналасқан Ақтау қаласы маңында байқалады.
5. Минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді шамадан тыс пайдаланудың адам мен табиғатқа зардабы қандай?
Ластанған өсімдіктерді тағам өнімдері ретінде пайдалану адамның түрлі ауруға шалдығуына, ұйқының бұзылуына, әлсіздікке, иммунитеттің төмендеуіне себеп болады. Тыңайтқыштар өзендерге түсіп, су «көк түске боялады» және су экожүйесі бұзылады. Пестицидтер салдарынан жәндіктердің пайдалы түрлері, құстар уланып, тіпті жойылады, қоректік тізбек бұзылады.

🔹 3-топ: Жердің шөлейттенуі және қорғаудың кешенді шаралары

1. Жердің шөлейттенуі дегеніміз не және оның негізгі табиғи түрткіжайттары қандай?
Шөлейттену – топырақтың қайтарымсыз өзгеріп, биологиялық өнімділіктің төмендеп, биосфералық әлеуетті толық бұзып, аумақты шөлейт жерге айналдыру үдерісі. Қазақстандағы негізгі табиғи түрткіжайттары: континенттік құрғақ климат, сумен аз қамтылу және құмның кеңінен таралуына ықпал ететін су ресурстарының біркелкі таралмауы, құрғақшылық пен топырақ-өсімдік төсемінің жеткілікті қалыптаспауы.
2. Мелиорация дегеніміз не және жерді қорғаудың қандай экоқорғаныс шаралары бар?
Мелиорация – бұл жерлерді жақсартуға және топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған шаралар жиынтығы. Оларға экоқорғаныс шаралары жатады: топырақты су және жел эрозиясынан қорғау; топырақты тозудан қорғау; топырақты сортаңданудан қорғау; топырақты техногенез өнімдерімен ластанудан қорғау.
3. Эрозияға қарсы күресуде ағаш жолақтарын құрудың және террасалаудың тиімділігі неде?
Бір жағынан ағаштар қардың еруін тежеп, ылғал топыраққа сіңеді де, топырақты ылғалдандырады. Екінші жағынан ағаштар ық болып, желдің топырақ бетін ұшырып әкетуіне жол бермейді. Су ағындары топырақ бетін шайып кетпеу үшін, жыра беткейлерін бекіту жұмыстарын жүргізу үшін сатылы алаңдар жасау (террасалау) тәсілі де қолданылады.
4. Топырақты тозудан қорғау үшін қандай агротехникалық амалдар (ауыспалы егіс) қолданылады?
Жайылымдарға «демалыс» беру, яғни алқаптарды қорғайтын ауыспалы егіс жүргізу қажет. Бір егістікте бірнеше жыл белгілі бір дақыл егіліп, содан кейін басқа дақылдар егіледі немесе бірнеше жыл бойы өңделмей, бос қалдырылады. Бұл шара жердің өз табиғи құрамын қалпына келтіреді. Сондай-ақ ауылшаруашылық мәшинелерінің салмағын жеңілдету, өңдеуді азайту қолданылады.
5. Жерді сортаңданудан және техногенді ластанудан қорғаудың негізгі жолдары қандай?
Сортаңданудан қорғау: булануды болдырмайтын жабық каналдар желісін құру, 1,5–3 метр тереңдікте дренажды қондырғылар құру, вегетациялық жүйелі суару шараларынан тұрады. Техногенді ластанудан қорғау екі жолмен жүзеге асырылады: бірінші жолы – ластаушы заттардың топыраққа түсуін болдырмау (тазартқыш қондырғылар орнату), екінші жолы – ластанған топырақты тазарту.