🌍 Топтық тапсырмалар: География ғылымы нені зерттейді?

🔹 1-топ: Мониторинг ұғымы, тарихы және негізгі мақсаттары

1. «Мониторинг» ұғымы ғылыми әдебиеттерге қашан енді және бұл сөз латын тілінен аударғанда қандай мағынаны білдіреді?
Латын тілінен аударғанда «monitor» ескертуші, еске түсіруші деген мағынаны білдіреді. «Мониторинг» ұғымы ғылыми әдебиеттерге БҰҰ қоршаған орта конференциясына дайындық кезеңінде, яғни ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында енген (Стокгольм, 1972 ж.).
2. Қазақстан Республикасында табиғи орта мониторингі қашан басталды және оның жанында қандай қызмет құрылды?
Қазақстан Республикасында табиғи орта мониторингі бойынша жұмыстарды ұйымдастыру 1972 жылдан басталды. Казгидромет гидрометеорология орталығы жанында «Табиғи ортаның ластану деңгейін мемлекеттік бақылау қызметі» құрылды.
3. Мониторинг дегеніміз не және оны жүргізудің басты мақсаты мен қолданылатын қазіргі заманғы құралдары қандай?
Мониторинг – ақпараттық жүй, негізгі міндеттері – қоршаған ортаның антропогендік әсер ету жағдайын бақылау және бағалау мақсатында табиғат ресурстарын және қоршаған ортаны тиімді пайдалану. Мониторинг жүргізудің басты мақсаты – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау. Оны жүргізу үшін қазіргі заманғы техникалық құралдарды: Жердің жасанды серіктері, автоматты стансылар, т.б. қолданады.
4. Мониторинг адам үшін қандай табиғат компоненттерінің жай-күйі мен өзгеруін қадағалаудан тұрады?
Мониторинг адам үшін аса маңызды және табиғат компоненттерінің биота сипаттамаларының жай-күйі мен өзгеруін, атап айтқанда, ауа тазалығын, судың сапасын, топырақ, жер ресурстарын, радиация дәрежесін, т.б. қадағалаудан тұрады.
5. Мониторингтің негізгі мүмкіндіктері қандай?
Мониторингтің мүмкіндіктері: 1) алынған деректерді нормативтермен, стандарттармен, рұқсат етілген шекті концентрациямен (РШК) салыстыру; 2) болып жатқан өзгерістердің көздері мен түрткіжайттарын анықтау; 3) қоршаған ортаның жай-күйі және шектен тыс ауытқулар туралы басқару органдарын хабардар ету.

🔹 2-топ: Мониторинг деңгейлері, кезеңдері және әдістері

1. Географиялық мониторинг әдісі қандай технологияларды қолданады және бақылаудың қай түрі ерекше дамыды?
Географиялық мониторинг әдісі ақпаратты қашықтықтан алудың, ЭЕМ-де деректерді өңдеудің, талдаудың экспресс әдістерін, т.б. қолданады. Қауіпті жағдайлардың (зиянды газдармен ластануы) туындағаны туралы ескертетін су мен ауаның ластану мониторингі ерекше дамыды.
2. Қоршаған табиғи ортаның антропогендік өзгеріс әсерін мониторингілеудің қандай кезеңдері бар?
Қоршаған табиғи ортаның антропогендік өзгеріс әсерін мониторингілеу кезеңдері: 1) қоршаған табиғи ортаға әсер етуші және орта жағдайы түрткіжайттарын бақылау; 2) нақты табиғи орта жағдайын бағалау; 3) қоршаған табиғи орта жағдайын болжау және бағалау.
3. Нысанның ауқымы мен бақылау міндеттеріне байланысты қоршаған орта мониторингінің қандай деңгейлері бөлінеді?
Нысанның ауқымына және бақылау міндеттеріне байланысты қоршаған орта мониторингінің үш деңгейін бөліп көрсетеді: биоэкологиялық, геожүйелік және биосфералық. Мониторинг жүйесі жекелеген аудандарды (жергілікті мониторинг) және Жер шарын (жаһандық мониторинг) толық қамтуы мүмкін.
4. Биоэкологиялық және геожүйелік мониторингтің анықтамасы мен мақсаты қандай?
Биоэкологиялық (санитарлық-гигиеналық) мониторинг – қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері тұрғысынан оның жағдайын бақылау. Бұл – негізінен аумақтық қамтуы бойынша жергілікті мониторинг. Геожүйелік (табиғи-шаруашылық) мониторинг – қоршаған ортаны құрайтын басты геожүйелер мен табиғи экожүйелерді қоса алғанда, олардың өзгеруін, сондай-ақ оларды табиғи-техникалық (мысалы: агрожүйелер, өнеркәсіптік аумақтардың урбандалған аудандары, т.б.) қайта құруды бақылау. Бұл – аймақтық мониторинг.
5. Биосфералық мониторинг қалай жүргізіледі және оның негізгі міндеті неде?
Биосфералық мониторинг – адамзаттың өмір сүру ортасы ретінде жалпы биосфераға қатысты жаһандық ауқымдағы ықтимал өзгерістерді бақылау және болжау үшін, оның қоғам қызметінен туындаған өзгерістері үшін жүргізіледі. Ол биоэкологиялық және геожүйелік мониторингтеріне сүйенеді, оларды толықтыра отырып, қоршаған ортаны (биосфераны) бақылау жүйесін қорытындылайды. Оның негізгі міндеті – қазіргі заманғы биосфераның кезеңдік немесе бағытталған өзгерістерін нақты анықтау, олардың экологиялық өзгерістерін бағалау.

🔹 3-топ: Жаһандық және ұлттық мониторинг жүйесі, үлгілеу әдісі

1. Қоршаған ортаны жаһандық мониторингілеу жүйесінің (ҚОМЖЖ) негізгі мақсаттары қандай?
ҚОМЖЖ мақсаты: адам денсаулығына зиян ескертулер туралы кеңейтілген жүйесін ұйымдастыру; атмосфераның жаһандық ластануын және оның климатқа әсерін бағалау; биологиялық жүйелерде ластану сапасын бағалау; қоршаған ортаға жер беті экожүйелерінің әсерін бағалау; ауылшаруашылығы іс-әрекеті және жер өңдеуден пайда болған экологиялық мәселелерді бағалау; Дүниежүзілік мұхиттың ластануын және оның экожүйеге әсерін бағалау; халықаралық көлемдегі апаттар туралы ескерту жүйесін жетілдіру.
2. Қазақстан Республикасында бірыңғай мониторинг жүйесі қай құжатта бекітілген және бұл қандай жүйе?
Табиғат ресурстары мен мемлекеттік қоршаған ортаны қорғаудың бірыңғай мониторингі жүйесін ұйымдастыру және қалыптастыру шешімі «Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде» 2007 жылдың 9 қаңтарында (138-бап) бекітілген. Бұл жүйе – көп мақсатты ақпараттық жүйе: табиғи ресурстарды және қоршаған орта жағдайын бақылау, сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын қамтамасыз ету мақсатында басқару және шаруашылық шешімдерді қабылдау үшін сараптау.
3. Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесінің негізгі қағидалары (принциптері) қандай?
Табиғат ресурстарын және мемлекеттік қоршаған ортаны қорғаудың бірыңғай мониторингі жүйесінің қағидалары: 1) Бірыңғай ұйымдастыру, әдіснамалық және ақпараттық негізде жұмыс істеу. 2) Мемлекеттік және басқа да мониторингілеу жүйесін барынша қолдану мүмкіндігі.
4. Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесінің атқаратын негізгі міндеттері қандай?
Міндеттері: 1) Қоршаған орта, биоалуантүрлілік және экожүйе, антропогендік әсерлер, өмір сүру орта түрткіжайттары, адам денсаулығына әсер ететін нақты және сәйкес келетін ақпараттарды алу. 2) Қоршаған орта жағдайын, антропогендік әсер ету деңгейін, биосфера жағдайының көрсеткіштерін, экожүйенің функционалды тұтастығын бағалау және болжау. 3) Басқару шешімдерін тиімді қолданатын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сараптама жасау үшін көрсеткіштермен қамтамасыз ету.
5. Мониторинг жүргізуде үлгілеу (модельдеу) әдісінің маңызы қандай және қандай қиындықтар кездеседі?
Информатика мен есептеу техникасының жетістіктері экологияда үлгілеу әдістерін қолдануға мүмкіндік берді. Үлгі нақты нысанды дәл сипаттауы керек, ал тіршілік нысандары үздіксіз өзгеретін көптеген параметрмен сипатталады. Тіршілік нысаны туралы толық ақпарат алу қиын, сондықтан мінсіз үлгі жасау мүлдем мүмкін емес. Егер үлгінің көмегімен жекелеген экожүйенің немесе жалпы биосфераның жұмыс істеуін сипаттамақ болса, мәселе одан да қиындайды. Дегенмен, жаһандық мониторинг жүргізуде үлгілеудің болашағы зор.