Информатика - Басты бет

Мәлімет

Бүгін үйренетініміз: ақпаратты шифрлау. Ақпарат көбіне бізге мәтін түрінде беріледі. Мәтіндік ақпарат – табиғи және формальды (жасанды) тілдер көмегімен жазбаша түрде ұсынылатын ақпарат. Мәтіндік ақпарат құрамына бас әріптер мен кіші әріптер, таңбалар мен тыныс белгілері, символдар кіреді. Ақпаратты кодтау дегеніміз не? Ақпаратты сақтау, қабылдау, ұсыну және өңдеу әдістері іс жүзінде ақпараттың ұсынылу түріне байланысты болады. Ақпаратты белгілі бір алфавит арқылы ұсынуды кодтау деп атайды. Декодтау – кодталған ақпарат мазмұнын қалпына келтіру. Бір белгі тобынан екінші белгі тобына көшіру ережесін код деп атайды. Ақпаратты кодтау түрлерінің бірі – Морзе алфавиті (1-кесте). Морзе алфавиті – шифр емес, код. Алфавиттің әрбір әрпі, 0-ден 9-ға дейінгі сандар, сонымен қатар тыныс белгілері, қысқа және ұзақ дыбыстық сигналдармен алмастырылады. Бұл сигналдарды, әдетте, «нүкте және сызықша» деп атайды. Қазіргі уақытта кез келген мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етудің көптеген тәсілдері бар. Осы тәсілдерді зерттейтін ғылым криптография деп аталады. Бұл арнайы кілттердің көмегімен шифрланған деректер мен хабарламаларды жеткізу және қабылдау әдістері. Кілт – хабарламаларды шифрлау, шифрдан шығару кезінде криптографиялық алгоритмде қолданылатын құпия ақпарат. Криптографияда екі кілт қолданылады: ашық және жабық кілт. Ашық кілт хабарламаны шифрлау үшін қолданылса, шифрланған мәтінді шифрдан шығару үшін жабық кілт пайдаланылады. Қазіргі техниканың дамыған заманында барлық құжаттарды рәсімдеу электронды түрде жүргізіліп жатыр. Құжаттарды арнайы мекемелерге бармай-ақ, үйіңде отырып рәсімдеуге болады. Ол үшін әрбір азаматта өзінің жеке электронды қолтаңбасы болуы шарт. Электронды қолтаңба арқылы түрлі анықтамалар, тұрғын үйге, балабақшаға кезекке тұру, түрлі құжаттарға қол қоюды компьютердің көмегімен жүзеге асыруға болады. Электронды қолтаңба – электронды цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электронды құжаттың дұрыстығын әрі мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электронды символдар жиынтығы. Құжатты шифрлау – шифрлаудың арнайы кілттері арқылы құжат мәтінін өзгерту. Шифрлау – ақпаратты құпиялау, рұқсат етілген тұлғаларға қолжетімді және рұқсат етілмеген адамдардан құпия сақталатын ақпаратты түрлендірудің қайтымды түрі. Шифрдан шығару (дешифрлау) – шифрланған ақпаратты бастапқы қалпына келтіру, яғни бастапқы мәтінді алу процесі. Ақпараттарды бөгде адамдардың оқуына мүмкіндік бермеу – шифрлаудың негізгі мақсаты. Әр адамның ақпараттарды өз қалауымен шифрлап жеткізілуіне болады. Мәтіндерді шифрлау әр кезде қажет болып қолданған. Шифрлаудың түрлері де көп. Атап айтатын болсақ, таңбалар, суреттер т.с.с. ақпараттарды пароль ретінде жасырып шифрлауға болады. Шифрлау барысында ақпарат беруші мен қабылдаушыға ғана белгілі бір құпия әдіс қолданылады. Мәтіндік ақпараттарды шифрлаудың қандай түрлері бар? Мәтіндерді шифрлаудың бірнеше түрі бар, мысалы, алмастыру шифры, Цезарь шифры, т.б. • Алмастыру Шифрда алдын ала белгілі ережелер мен кілттерді пайдалана отырып, әріптер бір-бірімен алмастырылады. Мысалы: «информатика» сөзі «форматикани» түрінде беріледі. • Цезарь шифры Цезарь шифрын ең алғаш Юлий Цезарь қолданған, сондықтан бұл шифр оның атымен аталады. Цезарь шифры – мәтіндегі әрбір әріпті алфавиттегі белгілі бір орынға жылжыту арқылы шифрлау әдісі.

Тест тапсырмалары