🔹 1-топ: Ішкі суларды пайдаланудың экологиялық мәселелері және Каспий теңізінің жағдайы
1. Қазақстандағы су ресурстарына байланысты аса маңызды мәселелердің туындау себебі неде және еліміздің сумен қамтамасыз етілу деңгейі қандай?
Республика жазық аумақтық құрғақ зонасында немесе суға аса зәру Қазақстанның ұсақ шоқысының аумағында орналасқан. Қазақстан жер бетіндегі сумен аз қамтамасыз етілген аймақтардың қатарына жатады. Сумен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің арасында соңғы орын алады. Оның жербеті ағысының жиынтық көлемі жылына 100 км³. Республикада таза ауызсу жетіспеушілігі байқалады.
2. Адамдардың шаруашылық қызметінің жербеті және жерасты суларына тікелей әсері қалай сипатталады және судың сапасына қалай әсер етеді?
Ирригациялық құрылыстардың нәтижесінде көптеген өзен алаптарында (Іле, Ертіс, Сырдария және Шу т.б.) судың табиғи шығыны айтарлықтай өзгеріп, жылдық ағыс көлемі қысқарды, ағыстың жыл ішіндегі таралымы қайта жүрді. Өзен суларының химиялық құрамы өзгеріп, физикалық-химиялық қасиеттері нашарлады. Бұл өндірістік кәсіпорындардың қалдық суларымен бірге ауылшаруашылығында қолданған, құрамында ерімеген минералды тыңайтқыштардың, пестицидтер мен тұздардың мөлшері өте жоғары сулардың қосылуынан болды. Өндіріс қалдықтарының кесірінен су құрамында улы фенолдар, шайырлар, цианидтер, мырыш тұздары, қорғасын, мыс, фторлы және басқа улы қосылыстар көптеп кездеседі.
3. Жербеті және жерасты суларына жанама антропогендік әсердің салдарлары қандай және сушаруашылығындағы мәселелерді шешудің қандай жолдары бар?
Жанама антропогендік әсерлерге өзен суының тартылуы, арналардың батпақтануы мен таяздануы, жерасты суларының азаюы жатады. Артезиан алаптарының жерасты суларын пайдалану көлемінің артуы жерасты сулары қорының азаюына әкелді. Тоғайларды кесу мен батпақтардың құрғауы, ал жайылмалық-аңғарлық жерлерді жырту топырақта эрозияны күшейтеді. Мәселелер тек қана жербеті суларын тиімді пайдаланып, жерасты суларының қорларын игеру арқылы шешіледі. Жерасты суларының үлесіне жалпы су пайдаланудың 9%-ы сәйкес келеді, болашақта оны 25%-ға дейін көбейту мүмкіндігі бар. Қазақстанда 70-тен астам артезиан алабы бар, бірақ кейбіреуінің жоғары минералдану дәрежесі экологиялық шиеленісті тереңдетуі мүмкін.
4. Каспий теңізінің табиғи және экономикалық құндылығы неде, оның секторларға бөлінуі мен құқықтық статусы қалай айқындалған?
Каспий – бірегей, үлкен, бірақ тұйық табиғи кешен, онда табиғи газ бен мұнайдың мол қоры бар. Ол тұщыландыруға жарамды судың, минералдық тұздар мен балықтың мол көзі. Теңіздің солтүстік бөлігі үш секторға: қазақстандық, ресейлік және әзербайжандық деп бөлінген. Қазақстан секторы мұнай қоры бойынша ең ірі сектор болып табылады. Ақтауда 2018 жылдың жазында Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы Конвенцияға қол қойылды. Енді әрбір мемлекетте теңіз аумағының 15 мильдік аумағы болады (сыртқы шегарасы мемлекеттік шегараға айналады), оған қоса тағы 10 мильдік балық аулау аймағы есептеледі. Осы 25 мильден кейінгі су айдыны ортақ кеңістік болады. Оңтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге әлі қол жеткізілген жоқ.
🔹 2-топ: Каспий маңының экологиялық дағдарысы және Трансшекаралық өзендердің геосаяси аспектілері
1. Каспий теңізі мен Каспий маңы ойпатының негізгі экологиялық мәселелері мен қауіптері қандай?
Каспийдің экологиялық мәселелері мұнайды өндіру мен тасымалдаудан болатын ластанумен, сондай-ақ Еділ және басқа өзендерден келетін ластаушы заттармен байланысты. Теңіз деңгейінің кезеңдік тербелісі (2,5 м-ге дейін көтерілуі) 30–50 км-ге дейінгі құрлық жағалауын су астында қалдырып, Прорва, Жаңаталап сияқты жұмыс істеп тұрған мұнай ұңғылары мен кәсіпшіліктерін су басу қаупін тудырады. Сонымен қатар, мұнай өнімдерінің «қоймасы» түріндегі құрылыстар, газды ауада жағу, ретсіз салынған грунт жолдары мен мал жаюдың көптігінен жайылымдық жерлердің азаюы мәселені күрделендіреді. Мұнда шөлге айналудың ең жоғары көрсеткіші байқалады. Тағы бір маңызды мәселе – бекіре тұқымдастарды және олардың уылдырығын браконьерлікпен, жыртқыштықпен пайдалану салдарынан олардың санының азаюы.
2. Қазақстанның сумен қамтамасыз етілуіндегі трансшекаралық өзендердің рөлі қандай және бұл қандай геосаяси мәселелер тудырады?
Қазақстан Республикасы экономикасының сумен қамтамасыз етілуі 85%-ы жерасты, теңіз және ағын сулардың есебінен мүмкін болып отыр. Барлық тұтынылатын судың 80–90%-ға дейін ауылшаруашылығы қажеттіліктеріне жұмсалады. Республикадағы 8 ірі өзеннің 7-нің алабы трансшекаралыққа жатады (Балқаш-Алакөл, Шу-Талас, Арал-Сырдария, Орал-Каспий, Тобыл-Торғай, Есіл, Ертіс). Тек Нұра-Сарысу алабы ғана толығымен еліміздің аумағында орналасқан. Қазақстан суға тәуелді ел болғандықтан, трансшекаралық өзендердің суын пайдалану аса маңызды. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында тұщы су мүлдем жоқ десе де болады. Қоғам дамуының экологиялық саясаты қарама-қайшылықты: өндіріс пен ауылшаруашылығының дамуы экологтардың талаптарына, ал елдің саяси, экономикалық қауіпсіздігі экологиялық талаптарға үнемі сәйкес келе бермейді.
3. Қазақстан Республикасының Су кодексі мен халықаралық конвенцияларда трансшекаралық суларды пайдалану қалай реттеледі?
Су кодексінің 143-бабында: «Трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғау жөніндеге мемлекетаралық келісім механизмі ондай суларды парасатты әрі әділ түрде трансшекаралық жағдайын ескеріп, пайдалануға бағытталуы тиіс» делінген. Әр елдің сапалы суды пайдалануға бірдей құқығы болуы тиіс, бір жақтың табиғи, экономикалық және техникалық артықшылығы екінші елдің мүддесіне нұқсан келтірмеуі керек. БҰҰ-ның трансшекаралық өзендер мен халықаралық көлдерді қорғау мен пайдалану туралы 1992 жылғы 18 қыркүйектегі Конвенциясы болғанымен, Орталық Азия мемлекеттері су-энергетикалық ресурстарды пайдалануға бірыңғай көзқарас қалыптастырған жоқ. Тек осы Конвенцияның күшімен Шу-Талас алабында біріккен Қырғыз–Қазақстан трансшекаралық су пайдалану жобасы іске асырыла бастады.
4. Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесі қалай сипатталады және бұл бағытта қандай ғылыми зерттеулер жүргізілуде?
Трансшекаралық өзендер мәселесі ШЫҰ-на қатысушы елдердің, әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы күрделі мәселелердің бірі. Екі ірі өзен Ертіс пен Іле бастауын Қытайдан алып, Қазақстан аумағы арқылы (ал Ертіс Ресей аумағы арқылы да) ағып жатыр. Бұл өзендер Қазақстанның оңтүстік-шығысы үшін су пайдаланудың негізгі жүйесі. Олардың суы азайса, ауылшаруашылығы, гидроэнергетика, өндіріс пен экология үшін күрделі мәселелер туындайды. Сондықтан алғашқы кезеңде ҚХР-мен екіжақты келісімге қол қойылуы тиіс, ал кейін біріккен комиссия құру және Қазақстан, Ресей, Қытай арасында үшжақты келісімге қол қою қарастырылады. Елдердің су мониторингін жүргізіп, ақпарат алмасуы маңызды. Осы орайда ҚР География институты «Қазақстанның табиғи суларын пайдалануға антропогендік және климаттық өзгерістер жағдайында ресурстық және болжамдық баға беру» атты ұзақмерзімдік бағдарлама жасады.