1967 жылы Аманкелді орта мектебін бітірді. Атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақтың қасиетті өнері бойына қонған Боранбай Қазыбекұлы Әбенов өнер институтын тәмамдағаннан бері ұлттық музыка өнерінің дамуына зор үлесін қосып келеді. Арқалық қаласында алғашқы халық аспаптары оркестрінің негізін қалады.
1976 жылдан бастап Арқалық музыка училищесінде дәріс берді және 1980 жылы училище жанынан халық аспаптары оркестрін құрды, ал 1985 жылы ол оркестр Кеңестер Одағы Үлкен театрының арнайы дипломымен марапатталды.
1987 жылы Алматы қаласының Орталық концерт залында Боранбай Әбеновтың басқаруымен қазақтың халық аспаптары оркестрінің концерті аншлагпен өтті.
1989-1992 жылдар аралығында Торғай облыстық филармониясындағы бас көркемдік жетекші қызметіндегі жемісі — «Торғай әуендері» ансамблінің жаңа құрамымен Түркияда өткен «Әлем достастығы» фестиваліне қатысып қайтты.
1992 жылы музыка училищесінің директоры және облыстық театрдың симфониялық оркестрінің дирижеры қызметін бірге атқарды. 2001 жылдан бастап Арқалық қалалық музыка мектебінің директоры және Торғай гуманитарлық колледжі жанындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі мен бас дирижеры қызметін абыроймен атқарып келеді.