Абдрахман Қалданның өмірбаяны және қалыптасқан ортасы

Абдрахман Қалдан — 1945 жылы 25 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Жұлдыз елді мекенінде дүниеге келді.

Ол 1958 жылы «Жұлдыз» ауылындағы жеті жылдық мектепті тәмамдады. Кейін 1958–1961 жылдары Төлеби ауылындағы УМСХ-84 училищесінде білім алып, темірші мамандығын меңгеріп шықты. Ал 1963–1969 жылдары Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының педагог-инженер және физика-математика факультетін бітірді.

Өз еңбек жолын ол 1961 жылы Сайрам ауданына қарасты «Ворошиловка» атындағы ұжымшарда темір ұстасы, слесарь және комбайнердің көмекшісі жұмыстарынан бастады. 1969 жылдан бастап физика-математика пәндерінен сабақ беруді қолға алды. Ал 1984 жылы «Жұлдыз» орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және мектеп директоры қызметтерін атқарды.

Қоғамдық-саяси және ұстаздық қызметі

Оның қоғамдық-саяси белсенділігі 1989–1994 жылдары Сайрам ауданына қарасты Қаратебе ауылдық округінің депутаты болып сайлануынан айқын көрінді. 1989–1990 жылдары Абдрахман Қалданның тікелей басшылығымен және ауыл азаматтарының көмегімен 9-жылдық «Бадам-2» орталау мектебі салынды. Ол 1990 жылы Бадам-2 ауылындағы мектепке мұғалім болып ауысып, ұстаздық қызметін жалғастырды.

Мектеп пен ауыл өміріне өлшеусіз үлес қосқан ол 1997 жылы Бадам-1,2 ауыл тұрғындарының көпшілік жиналысында «Жұлдыз» өндірістік кооперативінің төрағасы қызметіне сайланды. Ал 2004 жылдан бастап «Ынтымақ-АҚ» өндірістік кооперативінің төрағасы болып жемісті еңбек етті. Сонымен қатар әскери комиссариат аумағындағы әскерге шақыруларға арналған ғимараттарды салуға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға және ауылдық көпір құрылыстарын жүргізуге үнемі демеушілік жасады.

Еңбегінің бағалануы мен марапаттары
2001 жылдан бастап
«Жұлдыз» ауыл округіне қарасты елді мекенінің Құрметті азаматы атанды.
Елеулі марапаттары
Ұстаздың ерен еңбегі Сайрам аудандық білім беру бөлімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен, сондай-ақ Сайрам ауданының, қалалық Еңбекші ауданы әкімдерінің марапаттарымен аталып өтілді.
Халықаралық & Салалық құрмет
Дүниежүзілік түрік ассоциациясының «АХИСКА» медалімен және Агроөнеркәсіп саласындағы елеулі еңбегі үшін берілген арнайы медальдармен марапатталды.

Өнегелі отбасы және ғибратты ғұмыр

Өмір жолында ол бүкіл ғұмырын қамқор әке, сүйікті жар, білімді, білікті, ұлағатты ұстаз және елдің құрметті азаматы ретінде өткізді. Жұбайы Наурызбаева Халифа екеуі Мұхит, Сәкен атты ұлдарын, Тақира, Гүлзира, Майра атты қыздарын тәрбиелеп өсіріп, немерелер мен шөберелердің сүйікті атасы мен әжесі болды. Ардақты тұлға 2017 жылы 24 тамызда дүниеден өтті.

Басты бетке оралу